Ергалиева Айгуль Темирбулатовна

Доцент, өнертану кандидаты

USER_PHOTO

Доцент, өнертану кандидаты

2019-03-19

Ергалиева Айгуль Темирбулатовна – өнертану кандидаты, дәстүрлі музыка өнерін зерттеуші-фольклоршы. Ол 40-ға жуық ғылыми мақалалардың, оқу-әдістемелік құралдар мен «Ықылас Дүкенұлының күй мұрасы» атты монографияның авторы.

А.Т.Ергалиева Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында дүниеге келіп, Алматы мемлекеттік консерваториясын 1987 ж. қобыз мамандығы бойынша ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор М.К.Каленбаеваның сыныбынан тәмамдады. 1985-1994 ж.ж. Алматы қаласындағы шығармашылық ұжымдарда жұмыста болды. 1994 жылдан бері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық қызметте. 2010 ж. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Ұлттық музыка контекстіндегі Ықылас Дүкенұлының мұрасы» атты диссертациялық жұмысын қорғады. Ғылыми жетекшісі -- өнертану докторы, профессор С.Ә.Күзембай. Оның диссертациясында Ықылас Дүкенұлының (1843-1916) шығармашылығы және оның музыкасының ХХІ ғасырдағы болмысы арнайы нақтылы зерттеу нысанына алынып, дара ғылыми еңбек деңгейіне көтерілді.

Ғалым-ұстаз ұлттық өнерді насихаттау мақсатымен көптеген қалаларда болды. 2009 ж. Элиста қ. «Эпос және жаппай мәдениет» атты Халықаралық конференцияға қатысып, дипломмен марапатталды. 2013 жылдың қыркүйек айының 16-21 аралығында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті ректорының қолдауымен «Бабалар тарихына тағзым» атты фольклорлық-этнографиялық экспедицияда болып, өлкенің жаңа тарихын жазуға атсалысты. 2013 ж. қараша айының 15-19 аралығында РФ Самара қаласында өткен С.Орлов атындағы конкурс-фестивалі аясындағы халықаралық ғылыми конференцияда «Казахский кылкобыз» атты баяндама жасады.

А.Т.Ерғалиева өзінің ұзақ педагогикалық еңбек жолында көптеген шәкірттерін музыка өнерінің қиын да қызықты жолына қанаттандырып, кәсіби мамандарды дайындауда үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұстаздардың бірі. Қазіргі кезде оның шәкірттері Батыс Қазақстан облысымен қатар, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе қалаларының шығармашылық ұжымдары мен білім беру ордаларында жемісті еңбек атқаруда. Үнемі ізденіс үстінде жүрген ұстаздың шәкірттері облыстық «Дала дарындары», «Дельфий ойындары», халықаралық «Шабыт», «Ертіс Жұлдыздары», РФ Самара қаласында өткен С.Орлов атындағы ІІ Халықаралық конкурс, республикалық Пәндік Олимпиада жүлдегерлері. Өнертану кандидаты ретінде ҚазақҰлттық университетінің магистранттары Гульмира Қазанкапованың «Ермұрат Үсеновтың шығармашылығы»(2013), Ержан Тутеевтің «Төлеген Момбековтың күйшілік өнері»(2013),Досым Мақсотовтың «Байжұма күйлерінің ерекшеліктері» (2015), Али Нуртазаевтың «Азиза Мұстафа-заде шығармашылығы Әзірбайжан джаз мәдениеті контексінде» (2015), Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының магистранттары Венера Шукенованың «Махамбет шығармашылығы және Бөкей ордасының музыкалық дәстүрі»(2015), Ержан Жаменкеевтің «Домбыра дәстүріндегі әзілді күйлердің орындаушылық ерекшеліктері» (2015) атты дәстүрлі музыка өнері мамандығы бойынша қорғалған диссертацияларына ресми түрде пікір жазып, ғылыми еңбектерін редакциялады.

Ғалым-ұстаз университеттің қоғамдық жұмыстарын атқаруда да белсенділік танытып, кафедра, факультет, университет терапынан өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарады.